Monthly Archives: Маусым 2017

«Болашақ энергиясы» ЭКСПО-2017

30.06.2017

«Болашақ энергиясы» ЭКСПО-2017

       2017 жылғы 28 маусым күні  «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмеге  Май ауданы, Ақжар жалпы орта білім беру мектебінің ұстаздары, ата-аналары мен оқушылары барып қайтты. «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмеміздің аз ғана  уақыт  ішінде жарқырап, зәулім  сарайлар мен әдемі саябақтардың көркейгеніне көз жеткізіп, ұмытылмастай әсер алдық. Сапар барысында ЭКСПО-2017 көрмесінің басты символы болып табылатын іші бірнеше қабаттан тұратын, шар тектес, «Заманауи киіз үйге» ұқсас жасалған,  «Нұр Әлем» павильоны бізді таңғалдырды. Астаның 2050 жылы қандай болатын, ғарыш энергиясы, күн, жел, биомасса, кинетикалық,  су энергиясына қатысты жобаларын көруге болады.

Көптеген елдердің павильондарын аралап, қойылған экспонаттармен таныстық. Жалпы, əр елдің павильонынан өзіңізге ұнайтын дүниені кезіктіруге болады. Көп елдердің павильондарында күннен, желден, судан əртүрлі жолмен энергия алу туралы айтылса, ал Жапонияда ауа құрамындағы көмірқышқыл газы жиналып, құбыр арқылы жер астындағы зертханаларға жіберіледі екен. Сонда арнайы тəсілмен энергияға айналдырылатын көрінеді. Адам денсаулығына зиян көмірқышқыл газын қуат көзі қылып отырған жапондарға қызығасың.

Италия павильонындағы Леонардо да Винчи жасаған ұшатын құрылғыны, яғни тікұшақтың алғашқы нұсқасын көріп, осыдан 5 ғасыр бұрын өмір сүрген өнертапқыштың қиялы мен дарынына тəнті болдық. Бұл құрылғыны 1506 жылы ғалымның досы əрі көмекшісі Мазини Чечери  тауынан секіріп, 1 шақырымдай ұшып сынақтан өткізген екен. Ал Голландияда желден 600 киловатқа дейін энергия жинай алатын құрылғылары бар парк теңіз үстіне салыныпты. Енді бұл жобаның мүмкіндігін 10 есеге арттырып, 2020 жылы 6000 киловатт қуат жинайтын құрылғылары бар парктің құрылысын аяқтамақ. ХХІ ғасырдың жаңа техникасы мен технологиясы бұл жазылғандармен ғана шектелмейтіні анық. Дегенмен, қалың бұқара, көпшілік халық əлемнің дамыған елдері ұсынған жаңа технология түрлерін көру керек сияқты. Жұрттың бəрінің шетелге шығуға мүмкіндігі жоқ, Астанада өтіп жатқан көрмеде ғылым мен техника саласындағы ғаламат жетістіктерге куə болып, ондайды жасау біздің де қолдан келеді деп санамыз дүр сілкіне ме деген дəме зор…

Осы орайда ЭКСПО-ны аралауға мүмкіндік берген Елбасымызға және осы сапарды ұйымдастырған мектеп директоры Олимпиада Досымжановна Аубакироваға  алғысымыз шексіз.

ЭКСПО-2017 елімізде өтіп жатқанына мақтан етеміз. ЭКСПО жолымен жарқын болашаққа аттанайық!