Тәуелсіз елдің ұланы

Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Осы аз уақыт ішінде қоғамда сан-алуан өзгеріс орын алды. Оңтайлы серпін мен түрлену білім саласын да айналып өткен жоқ. Жаңартылған білім беру бағдарламасына толық көштік. Білім алушылардың қажеттілік, сұраныстары да өзгерді. Оқушыларымыз бәсекеге қабілетті, барлық құзіреттіліктерді меңгерген жеке тұлға болып қалыптасуда…

Тәуелсіз елдің ұланы, «Алтын белгі» атағына үміткер-Ақжар орта мектебінің 11-сынып оқушысы Мадина Ахмедиева.  Мадина 2011 жылы Ақжар мектебінің 1-сыныбына қабылданды. Мектеп табалдырығын аттаған бірінші күннен бастап, өзінің зеректігімен, алғырлығымен көзге түсті. Мектепішілік сыныптан тыс іс-шараларға белсене араласып, оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының мүшесі болды. Спортқа да бейімі бар Мадина мектепішілік баскетбол командасының мүшесі, жеңіл атлетиканың жүгіру түрінен аудан көлемінде жеңімпаз. Бос уақытында ән айтқанды жақсы көреді, аудандық, облыстық көркемөнерпаздар байқауының жүлдегері. 5-сыныптан бастап тарих пәніне деген қызығушылығы байқалып, Қазақстан тарихы пәнінен аудандық, облыстық пән олимпиадасы, гуманитарлық пән олимпиадасының  жүлдегері.  8- сыныптан бастап ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып, аудан, облыс көлемінде ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазы атанды. Халықаралық конференцияда баяндама жасап,  1-орын иеленді.

Осы жетістіктері бағаланып,Павлодар облысының  әкімі Ә.Скаковтың тағайындаған «Тәуелсіздік ұланы» сыйақысының иегері атанды. Облысымыздың үздік 300 оқушысының қатарынан көрініп, 50АЕК көлемінде сыйақы иеленді.

ҰБТ-ге дайындық барысында  Мадина ағылшын тілін меңгеруде. Қандай істі қолына алса да жауапкершілікпен , ықыласпен орындайтын Мадина бұл белесті де бағындыратынына кәміл сенемін.

Мадинаға тәлім тәрбие беріп, қанатын қақпай, қолдау көрсететін ата-аналары, әкесі Арынғазы-теміржолда қызмет етсе, анасы  Жұлдыз-мектепте мұғалім.

Бүгінгі күні мектеп мақтанышы, Тәуелсіз елдің ұланы- Мадинаны болашақта қазақтың атын шетелге танытатын маман болатынына сенемін. ҰБТ –ден сүрінбей өтіп, қалаған оқу орнына түсуіне тілектеспін.

This entry was posted in Жаңалықтар. Bookmark the permalink.